САЙРАМ АУДАНЫНДА КАРТОП ЖИНАУ НАУҚАНЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында биыл 3700 гектар алқапқа картоп дақылы егілген.

Қазіргі таңда оның 950 гектарынан өнім жиналып, нарыққа шығарылуда. Орташа өнімділік гектарына 205 центнерді құрап отыр. Жалпы жиналған өнім көлемі жоспардың 95 пайызына сәйкес орындалған.
Қазіргі таңда жиналған өнім көлемі 11 340 центнерге, немесе 1 134 тоннаға жетті. Жиналған өнім ішкі нарыққа жөнелтіліп, тұрғындарды сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталуда.
Картоп жинау жұмыстары аудан көлемінде бекітілген жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген диқандардың қажырлы еңбегі нәтижесінде биыл да мол өнім алуға мүмкіндік туып отыр.
Жалпы, Қазақстанның оңтүстік аймағында картоп отырғызу жұмыстары наурыз айының соңы мен сәуір айында жүргізіледі. Ал солтүстік өңірлерде сәуір айының аяғында басталады. Оларды жинау мерзімі сортына байланысты. Мәселен, ерте пісетін сорттар 70–120 күн аралығында пісіп жетіледі. Осы уақыт ішінде оларды суарып, зиянкестерден қорғап, арамшөптерін тазалап отырудың маңыздылығы зор. Ал арада 70–120 күн өткен соң, пісіп жетілген өнімді жинап алу қажет. Әдетте, бұл маусым–шілде айларында жүзеге асырылады. Ал қыркүйек айында кеш пісетін сорттары жиналып алынады.
Жиналған картопты сұрыптап, 2–4 °C температурада, ылғалдылығы 85–95% болатын қоймаларда сақтаған жөн.



