САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖАҢА ӨНДІРІС ОРНЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Түркістан облысы Сайрам ауданының Ақсукент ауылында ПЭТ платформаларын өндіретін «WALLI PACK» ЖШС зауыты өз жұмысын бастады.

Инвестициялық құны 600 миллион теңгені құрайтын өндірістік жоба өңір экономикасының дамуына үлесін қосып отыр.
Жоба Мемлекет басшысының өңірлерге инвестиция тарту, өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмаларын орындау, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің инвестициялық жобаларды қолдау және өндіріс орындарын көбейту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл бастама ауданның өндірістік мүмкіндігін арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берері анық.
Заманауи өндірістік желілермен жабдықталған кәсіпорын тәулігіне 64 мың дана ПЭТ платформасын өндіру қуатына ие. Өндірілген өнімдер алғашқы уақытта ішкі нарықты қамтып, отандық кәсіпорындардың сұранысын қамтамасыз етуге бағытталмақ. Одан кейін өнім көлемін ұлғайтып, өткізу нарығын кеңейту жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда зауытта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл жобаның іске асырылуы халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың әл-ауқатын жақсартуға да ықпал етіп отыр. Сонымен қатар, аудан экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Ал болашақта өндіріс көлемінің артуына байланысты қосымша жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі де қарастырылуы ықтимал.
Кәсіпорында пайдаланылатын өндірістік технологиялар мен құрал-жабдықтардың басым бөлігі Қытай Халық Республикасынан елге арнайы тапсырыс арқылы жеткізілген. Сонымен қатар, өндірісте қолданылатын негізгі шикізат та Қытайдан сатып алынады. Заманауи технологияларды пайдалану өнімнің сапасын арттырып, өнімді тиімді жолмен өндіруге мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Ішкі нарықта да сұранысты сапалы өніммен қамтамасыз етуге жол ашады.
Аталған зауыт ПЭТ платформаларын өндіру саласындағы еліміздегі маңызды өндіріс орындарының бірі болып табылады. Кәсіпорын жұмысының жолға қойылуы өңірдегі өнеркәсіп саласының дамуына оң әсерін тигізіп, жергілікті өндірістің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұндай өндіріс орындарының ашылуы импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өнім үлесін көбейтуге ықпал етеді.
Инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы Сайрам ауданында өндіріс көлемін ұлғайтуға, импортты алмастыруға, отандық өнім өндіруді дамытуға және жаңа инвестицияларды тартуға бағытталған жұмыстардың нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған мұндай жобалар өңір экономикасының тұрақты дамуына, кәсіпкерліктің өркендеуіне және халықтың жұмыспен қамтылу деңгейінің артуына ықпал етеді. Сонымен қатар, индустриялық жобаларды іске асыру ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа өндіріс орындарының ашылуына негіз қалайды. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.



