ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ЖЕР САТУҒА ҚОЙЫЛҒАН МОРАТОРИЙ 2032 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ҰЗАРТЫЛДЫ
Қазақстанда шетел азаматтары мен шетелдік заңды тұлғаларға жерді сату және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беруге қатысты қолданыстағы мораторийдің мерзімі 2032 жылға дейін ұзартылды. Тиісті шешім жер қатынастары саласындағы құқықтық шектеулерді сақтап қалуға бағытталған.

Еске салсақ, шетел азаматтары мен шетелдік заңды тұлғалардың жерді иеленуі мен жалға алуына қатысты өзгерістер 2015 жылы қабылданған болатын. Аталған норма 2016 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуі тиіс еді.
Алайда 2016 жылы еліміздің бірнеше өңірінде өткен жер мәселесіне қатысты қоғамдық наразылықтардан кейін сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл норманың қолданысына мораторий жариялады. Алғашында шектеу 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін енгізілген болатын.
Кейін мораторийдің мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Алдымен оның қолданылу мерзімі 2021 жылға дейін созылса, одан кейін 2026 жылдың соңына дейін күшінде қалдырылды. Енді қабылданған жаңа шешімге сәйкес, бұл шектеу 2032 жылға дейін жалғасады.
Осылайша, алдағы жылдары да шетел азаматтары мен шетелдік заңды тұлғалар Қазақстанда жерді сатып алу немесе заңнамада белгіленген жер санаттарына қатысты құқықтарды иелену мүмкіндігіне ие болмайды. Мораторийдің ұзартылуы жер қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етуге және қоғамда кең талқыланған жер мәселесіне қатысты қолданыстағы құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған.



