ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМНЕН 700 МЛН ТЕҢГЕ ЖЫМҚЫРҒАНДАРҒА ҮКІМ ШЫҚТЫ
Астанадағы жедел медициналық жәрдем станциясында 700 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы хабарлады.

Тергеу мәліметінше, 2020–2023 жылдар аралығында мекеменің бұрынғы директоры, көлік бөлімінің бұрынғы басшысы және бас механик әрі қойма меңгерушісі санитарлық автокөліктерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуге бөлінген қаражатты заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған.
Прокуратураның мәліметінше, заңсыз әрекеттердің салдарынан жұмысқа жарамды жедел жәрдем көліктерінің саны 149-дан небәрі 32-ге дейін азайған. Соның салдарынан тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуге де кері әсерін тигізген.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 700 миллион теңгеден асқан. Оның ішінде 440 миллион теңгеден астам қаржы сот үкімімен өндірілсе, такси қызметтеріне жұмсалған 300 миллион теңгеден астам қаражат азаматтық сот өндірісі тәртібімен қайтарылатын болады.
Сот айыпталушыларды аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танып, оларды 8 және 9 жылға бас бостандығынан айырды.
Сонымен қатар сотталғандардың барлығы өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор ұйымдарында лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.



