«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНДА АУҚЫМДЫ ӨЗГЕРІС: СЕРІК ЕГІЗБАЕВ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТІП, ЖАҢА ТӨРАҒА САЙЛАНДЫ
23 маусым күні «Ауыл» халықтық-демократиялық патриясының кезектен тыс съезі өтті.

Жиында саяси ұйымның алдағы міндеттері мен Жарғысына өзгерістер енгізу мәселелері талқыланып, партия басшылығында елеулі ауыс-түйіс болды.
Партияның кезектен тыс съезінде ең басты жаңалықтардың бірі – басшылық құрамның жаңаруы болды. Осы уақытқа дейін ұйымды басқарып келген Серік Егізбаев өз еркімен қызметінен кететінін мәлімдеді. Саясаткер бұл қадамын қоғамдағы қазіргі үдерістермен және уақыт талабымен байланыстырды. Оның айтуынша, бүгінгі таңдағы саяси кезең қоғамның жаңару туралы сұранысына тікелей жауап бере алатын жаңа көзқарастар мен тың бастамаларды қажет етеді.
Жиын барысында съезд делегаттары бір ауыздан шешім қабылдап, «Ауыл» партиясының жаңа төрағасы ретінде Қайрат Айтуғановты сайлады.
Сонымен қатар, маңызды жиында партияның алдағы даму бағыттары мен ішкі ұйымдық мәселелері де жан-жақты қаралды. Басқосуға қатысушылар партияның жаңа саяси жағдайда жұмыс істеу тетіктерін талқылап, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттерді белгіледі. Сондай-ақ, заман ағымына қарай саяси ұйымның Жарғысына бірқатар өзгерістер енгізу мәселесі мақұлданды.
«Ауыл» партиясы бұл қадамдар арқылы өз жұмысына жаңа серпін беріп, халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін бұдан да белсенді атқаруды көздеп отыр.



