Без рубрики

АСТАНА МЕН ШАНХАЙ АРАСЫНДА ТІКЕЛЕЙ ӘУЕ РЕЙСІ АШЫЛАДЫ

Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасы тағы бір жаңа бағытпен толықпақ. Биылғы күзден бастап Астана мен Шанхай арасында тікелей әуе рейсін іске қосу жоспарланып отыр.

Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, комитет төрағасы Салтанат Томпиева Қытайға жұмыс сапары барысында жергілікті әуе компаниясының басшылығымен кездесу өткізді. Келіссөздердің басты тақырыбы Астана – Шанхай бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі болды.

Кездесу барысында қытайлық әуе тасымалдаушы компания өкілдері жаңа бағытқа жоғары коммерциялық қызығушылық танытып отырғандарын жеткізді. Сондай-ақ олар барлық қажетті дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін биылғы күзден бастап рейстерді орындауға дайын екенін мәлімдеді.

Жоспарға сәйкес, алғашқы кезеңде Астана мен Шанхай арасындағы рейстер аптасына үш рет орындалмақ. Ал жолаушылар сұранысына қарай кейіннен рейстердің жиілігін күнделікті қатынасқа дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистикалық байланысты нығайтып, іскерлік, туристік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға серпін береді деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл екі ел азаматтарының қатынасын жеңілдетіп, халықаралық әуе тасымалының мүмкіндіктерін кеңейте түседі.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close