«ӘЛЕМ БАРЫСЫ» АЙБЕК НҰҒЫМАРОВ АЯГӨЗ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ БОЛДЫ
«Әлем барысы» атағының иегері Айбек Нұғымаров Абай облысының Аягөз ауданының әкімі болып тағайындалды.

Жаңа әкімді аудан активіне Абай облысының әкімі Берік Уәли таныстырды. Өңір басшысы Айбек Нұғымаровтың мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетіне тоқталып, оның ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деген сенім білдірді.
– Айбек Серікболұлының тәжірибесі жеткілікті. Осы уақыт ішінде өзінің іскерлік және ұйымдастырушылық қасиеттерін таныта білді. Сондықтан артылған сенімді ақтап, Аягөз ауданының жұртшылығымен бірлесе отырып, ауданның одан әрі дамып, гүлденуіне бар күш-жігерін салып, аянбай қызмет етеді деп сенемін, – деді Берік Уәли.
Айбек Нұғымаров Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. Ол Семей мемлекеттік педагогикалық институтын «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша, кейін Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолында алты жылдан астам уақыт Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры қызметін атқарған. Кейін Аягөз ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеп, осы тағайындауға дейін аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметін атқарды.
Айбек Нұғымаров – қазақ күресінен халықаралық деңгейде танылған спортшы, «Әлем барысы» турнирінің жеңімпазы ретінде көпшілікке жақсы таныс.



