ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНІҢ КҮМБЕЗІ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛІП ЖАТЫР
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жалғасып жатыр. Жұмыстарды «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары кешенді ғылыми зерттеулердің қорытындысына сүйене отырып жүргізуде.

Зерттеу нәтижесінде күмбездің сыртқы қорғаныш қабатының беріктігі әлсіреп, бірқатар жерінде жарықтар пайда болғаны анықталған. Осыған байланысты реставрациялық жұмыстар сыртқы қабаттың одан әрі бүлінуіне және оның жекелеген бөліктерінің құлау қаупінің алдын алуға бағытталған.
Мамандардың айтуынша, жөнделіп жатқан сыртқы қабат кесененің бастапқы тарихи құрылымына жатпайды. Ал ескерткіштің негізгі күмбез конструкциясы бүгінге дейін өзінің түпнұсқалық қалпын сақтап келген. Сыртқы қорғаныш қабаты тарихи құрылысты жауын-шашыннан, желден, күн сәулесінен және басқа да табиғи әсерлерден қорғайды.
Алдағы кезеңде қабылданатын барлық шешімдер ғылыми зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, тарихи құрылымға барынша аз араласу қағидаты негізінде жүзеге асырылады.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Қазақстаннан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген алғашқы тарихи ескерткіш. Қазіргі ғылыми-реставрациялық жұмыстар халықаралық талаптарға сәйкес жүргізіліп, олардың орындалуын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі бақылауда ұстап отыр.



