ЖОЛ АПАТЫНАН КЕЙІН АЯҒЫНАН АЙЫРЫЛҒАН ҚЫЗДЫҢ АНАСЫ ӘДІЛДІК ІЗДЕЙДІ
2023 жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласында орын алған ауыр жол-көлік оқиғасы бір отбасының өмірін түбегейлі өзгертті. Тежегіші істен шыққан Toyota Camry көлігі жаяу жүргінші болған қыз баланы қағып кеткен.

Жол апатынан зардап шеккен Мадина Өтегенова қазір 11 жаста. Қайғылы оқиғадан кейін дәрігерлер оның сол аяғын кесуге мәжбүр болған. Содан бері бүлдіршін екі жылға жуық уақыт бойы мүгедектікпен өмір сүріп келеді.
Анасының айтуынша, апат баланың ғана емес, бүкіл отбасының тағдырын өзгерткен. Қазіргі таңда Мадина ұзақ оңалту курсынан өтіп, протезбен жүруге бейімделіп жатыр. Алайда анасы оқиғаға кінәлі тараптың толық жауапкершілікке тартылмағанын айтып, әділдік іздеп жүргенін жеткізді.
— Қызым бұрын асыр салып ойнайтын белсенді бала еді. Бір сәтте оның өмірі мүлде өзгерді. Біз тек әділ шешім болғанын қалаймыз, — дейді анасы.
Отбасының сөзінше, жол апатынан кейін материалдық және моральдық қиындықтар көбейген. Қыздың емі мен оңалтуына қомақты қаражат қажет болған.
Бұл жағдай қоғамда жол қауіпсіздігі мәселесін тағы да көтеріп отыр. Мамандар көлік құралдарының техникалық жағдайын қатаң бақылау қажет екенін айтады.
Қазіргі таңда Мадинаның анасы тиісті органдардан әділ тергеу мен заң аясында нақты шешім шығаруды талап етіп отыр.



