Без рубрики

ШАҒЫМДАНҒАННАН КЕЙІН МАРАПАТЫН АЛДЫ: ШАХМАТШЫ АСАУБАЕВА ІІ ДӘРЕЖЕЛІ «БАРЫС» ОРДЕНІН КӨРСЕТТІ

Блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева ІІ дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды. Танымал шахматшы мемлекеттік марапатын әлеуметтік желіде көрсетіп, алдағы мақсаты туралы да айтты.

Telegram арнасында жариялаған видеосында Бибісара бұған дейін ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін алғанын еске алып, ендігі арманы – І дәрежелі орденге қол жеткізу екенін жеткізді.

«Енді І дәрежелі “Барыс” орденін алып, толық кавалер атансам деймін», — деді шахматшы.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл марапатты Бибісара Асаубаеваға 2025 жылдың желтоқсанында тағайындаған болатын. Алайда орден спортшыға бірден табысталмаған.

10 маусым күні шахматшы осы мәселеге қатысты мемлекет басшысына бейнеүндеу жасап, марапаттың әлі күнге дейін берілмегенін айтқан еді. Кейін Туризм және спорт министрлігі жағдайға түсініктеме беріп, кешігуді Бибісараның халықаралық турнирлерге жиі қатысуымен байланыстырды.

Желі қолданушылары жас шахматшыны кезекті марапатымен құттықтап, оның Қазақстан спортына қосып жүрген үлесін ерекше атап өтті.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close