КАСПИЙДЕГІ ОҚИҒА БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ
Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде 19 әскери қызметшіні теңіз алып кетіп, олардың тоғызы қаза тапты. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, үкіметтік комиссия құрылды.

Оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы барысында болған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілерді теңіз алып кеткен. Қазіргі таңда тоғыз әскери қызметшінің қаза тапқаны белгілі, үшеуі құтқарылды, қалғандарын іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Ақтау гарнизонындағы әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнында Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және прокуратура органдарының қызметкерлері жұмыс жүргізіп жатыр. Қажетті сот сараптамалары тағайындалған. Премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен Маңғыстау облысындағы оқиғаның себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор мен Шекара қызметінің өкілдері кірді. Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін анықтауды қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шаралары қабылданатыны хабарланды. Айта кетейік, бұған дейін Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігінде «Хазар қорғаны – 2026» әскери оқу-жаттығуы басталған болатын. Ауқымды маневрге 500-ден астам әскери қызметші жұмылдырылды. Олардың қатарында жауынгерлік кеме экипаждары, жағалау бөлімшелері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жағалау күзеті мен Әуе қорғанысы күштерінің өкілдері болды. Оқу-жаттығудың мақсаты әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін шыңдау және түрлі күштік құрылымдардың бірлескен іс-қимылын пысықтау болған. Қайғылы оқиғаның нақты себептері қазір жүргізіліп жатқан тергеу мен үкіметтік комиссия жұмысы барысында анықталатын болады.


