«VOICE OF TURAN – 2026» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕРЕБЕ ТАРТУ РӘСІМІ ӨТТІ
Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында VII халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі аясындағы жеребе тарту рәсімі өтті. Байқауға қатысушы өнерпаздар кезекпен жеребе алып, сахнаға шығу ретін анықтады. Салтанатты шараға Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, фестиваль продюсері Мейіржан Алиакбаров қатысып, шетелдік және отандық өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық байқауға әлемнің 20 елінен өнерпаздар келді. Түркістанға арнайы келген қонақтар алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, қаланың тарихи және көрікті орындарын аралады. Сондай-ақ қатысушыларға қазақтың дәстүрлі музыкасы мен ұлттық аспаптарын таныстыру мақсатында «Алқоңыр» ансамблінің арнайы бағдарламасы ұсынылды. Ансамбль мүшелері домбыра және басқа да ұлттық аспаптардың тарихы мен ерекшеліктерін таныстырып, олардың қазақ мәдениетіндегі орнын түсіндірді.
Өнерпаздар өзара танысып, бір-біріне сәттілік тіледі. Кездесу соңында қатысушылар «Алқоңыр» ансамблінің сүйемелдеуімен композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін бірге орындап, шығармашылық кештің ерекше атмосферасын қалыптастырды.
Фестиваль бағдарламасы 25 қыркүйектен басталады. Осы күні «Керуен сарай» туристік кешенінде әлемнің әр елінен келген танымал өнерпаздардың қатысуымен «Zhibek zholy әуендері» атты ауқымды гала-концерт өтеді. Кеш барысында ұлттық музыка мен заманауи орындаушылық өнер тоғысады. Гала-концертте Қырғызстаннан Jax пен Дастан Кенчинбаев, Әзербайжаннан Нармин, Башқұртстаннан Зайнетдин, Тывадан Сайзана Сюрюн, Қарақалпақстаннан Алишер Байниязов, Өзбекстаннан Ozoda Nursaidova өнер көрсетеді. Қазақстан атынан Дастан Оразбеков, Әділет Жауғашар, Дос, Бауыржан Макаев, «Turan boys» тобы және басқа да өнерпаздар сахнаға шығады.
26 қыркүйекте фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі және «Жұлдызды жұп» кезеңі ұйымдастырылады. Бұл кезеңде шетелдік қатысушылар Қазақстанның танымал өнер шеберлерімен бірге қазақтың танымал әндерін және заманауи музыкалық шығармаларды орындайды.
Ал 27 қыркүйекте фестивальдің негізгі байқау кезеңі – «Қазақ әні» өтеді. Қатысушылар халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын кәсіби қазылар алқасы мен көрермендер назарына ұсынады.
«Voice of Turan» фестивалінің негізгі мақсаты – Ұлы далада қалыптасқан ән өнерін халықаралық мәдени кеңістікке таныту, қазақ музыкасының әлемдік деңгейдегі танымалдығын арттыру және Түркістанның түркі дүниесіндегі рухани әрі мәдени орталық ретіндегі мәртебесін кеңінен дәріптеу. Фестиваль аясында қолөнершілер ауылы, түркітілдес елдер дизайнерлерінің шеруі және өзге де мәдени іс-шаралар өткізіледі.
Байқаудың қазылар алқасы мен арнайы қонақтары қатарында Төлеген Мұхаммеджанов, Нұржамал Үсенбаева, Бағлан Омаров, Гүлнұр Оразымбетова, Құрмаш Махан, Жұбаныш Жексенұлы, Сырым Исабаев, Ғәділбек Жанай, Серік Ибрагимов, Гүлсім Мырзабекова, Әли Өтенов және Мейіржан Алиакбаров бар.
Түркі әлемінің туристік астанасында өтіп жатқан халықаралық фестиваль 25-27 қыркүйек күндері сағат 18:00-де «Керуен сарай» туристік кешенінде ашық аспан астында ұйымдастырылады. Үш күнге созылатын өнер додасы Түркістанның мәдени және туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған ауқымды шаралардың біріне айналмақ.



