ДАҒДАРЫСЫ МЕН ДАМУЫ АЛМАСҚАН ТҰТАС ДӘУІР
Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл –қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.
Бар болғаны 30 жыл ішінде тарихта ешбір мемлекет осындай халықаралық беделге ие бола алған жоқ. Мұның бәрі — осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстан халқы жасаған тағдыршешті, тарихи таңдаудың нәтижесі.
Ширек ғасыр ішінде қазақстандық жол жаңа тәуелсіз елдер үшін үлгіге айналды. Өйткені біз — тәуелсіздігімізді нығайту, экономикалық жүйемізді түбірінен жаңарту, демократиялық ұстанымдарды орнықтыру, мемлекеттік, ұлттық және мәдени бірегейлену сынды күрделі-күрделі үдерістерді басымыздан өткізген елміз, бабалар өсиеті мен елдік, азаттық мұраттарына адал ұландармыз.
Тәуелсіздік жылдары біздің мемлекетіміз бен қоғамымыз осындай өзгерістердің биік белестерінен өтті. Бұл, әрине, қоғамдағы орнықты саяси ахуал жағдайында, халықтың рухани және мәдени жаңаруы арқасында қол жеткізген ортақ жеңістеріміз.
Тәуелсіз дамудың үш онжылдығын абыроймен өткерген, батыл өзгерістердің жаңа кезеңіне қадам басқан егемен Қазақстан әлемдік қауымдастықта дербес даму жолымен нық жүріп келеді.