ҚАЗАҚСТАНДА АНА ӨЛІМІ 35%-ҒА ТӨМЕНДЕДІ – ДСМ
Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі реформалардың нәтижесінде соңғы бес жыл ішінде ана өлімі 35%-ға төмендеген.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада өткен Орталық Азиядағы әйелдер мен жастар денсаулығына климаттық және экологиялық факторлардың әсеріне арналған халықаралық сессия барысында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бұл көрсеткіш тек медициналық қызмет сапасының артуын ғана емес, сонымен қатар профилактикалық жұмыстардың күшеюі мен денсаулық сақтау жүйесіндегі басқарушылық өзгерістердің тиімділігін көрсетеді.
Министрліктің дерегіне сәйкес, соңғы жылдары ана мен бала денсаулығына қатысты негізгі көрсеткіштер айтарлықтай жақсарған. Нәресте өлімі мен перинаталдық өлім деңгейі де біртіндеп төмендеу үрдісін көрсетіп отыр. Бұл нәтижелерге қол жеткізуге медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, босандыру қызметін заманауи стандарттарға сәйкестендіру және өңірлерде перинаталдық орталықтардың жұмысын күшейту айтарлықтай ықпал еткен. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмектің рөлі артып, жүкті әйелдерді ерте анықтау және тұрақты бақылау жүйесі тиімді іске асырылуда.
Соңғы жылдары елімізде жүкті әйелдерді ерте кезеңде есепке алу жұмыстары күшейтілген. Қазіргі таңда жүкті әйелдердің 90 пайыздан астамы жүктіліктің алғашқы 12 аптасында медициналық бақылауға алынады. Бұл ерте диагностика жүргізуге, қауіп факторларын уақтылы анықтауға және асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Аналар саулығы» бағдарламасы аясында әйелдер денсаулығын кешенді тексеру, профилактикалық скринингтер және кеңес беру қызметтері кеңейтілген. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында және перинаталдық орталықтарда әйелдер консультацияларының жұмысы жаңа форматта жандандырылып, мультидисциплинарлық тәсіл енгізілуде.
Осы бағытта «Бір күндік клиника» жобасы да тиімді іске асырылуда. Бұл жоба жүкті әйелдер мен жоспарлы ата-ана болуға дайындалып жүрген азаматтар үшін туа біткен даму кемістіктері мен хромосомалық патологияларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Ерте диагностика арқылы қауіп топтарын алдын ала анықтау, қажетті медициналық шешімдерді дер кезінде қабылдау және жүктілік барысын қауіпсіз басқару мүмкіндігі артып отыр. Мұндай технологиялық және ұйымдастырушылық тәсілдер ана мен бала денсаулығын қорғауда жаңа деңгей қалыптастыруда.
Жастар денсаулығына ерекше назар аударылып отыр. Республика көлемінде жастар денсаулық орталықтары жұмыс істеп, жасөспірімдер мен жастарға репродуктивтік және психикалық денсаулық мәселелері бойынша тегін кеңес беру қызметін көрсетуде. Бұл орталықтар жас буын арасында дұрыс медициналық мәдениет қалыптастыруға, қауіпсіз мінез-құлықты насихаттауға және ерте жүктілік пен инфекциялық аурулардың алдын алуға бағытталған.
Түркістан өңірінде де ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде күшейтіліп келеді. Облыста перинаталдық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында аудандық және қалалық медициналық ұйымдарда жүкті әйелдерді ерте есепке алу, тәуекел топтарын анықтау және динамикалық бақылау тетіктері жетілдірілуде. Сонымен қатар Түркістандағы перинаталдық орталықтарда заманауи диагностикалық жабдықтар енгізіліп, күрделі босандыру жағдайларында жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндігі кеңейген. Бұл өңірдегі ана мен бала денсаулығы көрсеткіштерін жақсартуға айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Бұдан бөлек, Түркістан облысында ауылдық елді мекендерде мобильді медициналық бригадалар арқылы жүкті әйелдерге және жас аналарға профилактикалық тексерулер жүргізу тәжірибесі жолға қойылған. Бұл шалғай ауылдардағы тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттырып, асқынулардың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар өңірлік деңгейде медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру, акушер-гинекологтар мен неонатологтарды қайта даярлау жұмыстары тұрақты жүргізілуде, бұл өз кезегінде көрсетілетін көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етуде.



