Без рубрики

2026 ЖЫЛДЫҢ ЕКІНШІ ЖАРТЫСЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒАСЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ

Қазақстанда тұрғын үй бағасы жақын айларда айтарлықтай арзандайды деген болжам әзірге расталмай отыр. Сарапшылардың пікірінше, 2026 жылдың екінші жартысында ірі қалалардағы баспана бағасы негізінен тұрақты сақталып, кейбір сегменттерде баяу өсім жалғасуы мүмкін.

Qazaq Expert Club-тың жылжымайтын мүлік саласындағы сарапшысы Диляра Сейтнұрованың айтуынша, базалық мөлшерлеменің 16,75 пайызға дейін төмендеуі мен тұрғын үйге деген сұраныстың әлсіреуіне қарамастан, бағаның күрт төмендеуіне әсер ететін алғышарттар жеткіліксіз.

Сарапшының сөзінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылыс салушылар тұрғын үйді сату кезінде 16 пайыз көлемінде қосылған құн салығын (ҚҚС) төлейді. Сонымен қатар мердігер ұйымдарға қатысты салықтық өзгерістер құрылыс құнын арттырып, бұл шығындардың тұрғын үй бағасына әсер етуіне себеп болып отыр.

Бағаның төмендеуіне кедергі келтіретін тағы бір маңызды фактор – жаңа құрылысқа арналған жер телімдерінің тапшылығы мен инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Әсіресе Алматыда жер ресурстары шектеулі болса, Астанада инженерлік желілердің мүмкіндігі жаңа жобалардың қарқынына әсер етуде. Ал өңірлерде жаңа тұрғын үй салу үшін қажетті инженерлік желілерді тарту қосымша шығындарды талап етеді.

Сарапшының пікірінше, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Құрылыс кодексі де нарыққа ықпал етеді. Құжат құрылыс жобаларына қойылатын талаптарды күшейтіп, жаңа тұрғын үй жобаларын іске асыру мерзімін ұзартып, ұсыныс көлемінің қысқаруына әсер етуі мүмкін.

Қайталама тұрғын үй нарығында да айтарлықтай баға төмендеуі күтілмейді. Көптеген меншік иелері бұрын рәсімделген төмен пайыздық ипотекаларын сақтап қалуға мүдделі болғандықтан, пәтерлерін сатуға асығар емес. Соның салдарынан ұсыныс көлемі шектеулі күйінде қалып отыр.

Сонымен қатар сарапшы тұрғын үй нарығына ықпал етуі мүмкін бірқатар факторды атады. Атап айтқанда, зейнетақы жинақтарын пайдалану талаптарының өзгеруі сатып алушылар белсенділігін төмендетуі ықтимал. Бұған қоса, ипотекалық несиелердің әлі де қымбат болуы сұраныстың баяу қалпына келуіне әсер етуде.

Маманның бағалауынша, тұрғын үй бағасының тұрақты әрі елеулі төмендеуі үшін ұсыныстың күрт артуы, құрылыс құнының азаюы, пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемінің көбеюі және сұраныстың ұзақ уақыт бойы төмен болуы қажет. Қазіргі жағдайда мұндай факторлар қатар байқалмай отырғандықтан, баспана бағасының айтарлықтай арзандауы әзірге күтілмейді.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close