Без рубрики

ҰЛДАНА МЫРЗУАННЫҢ ІСІ: СОТТА 20 МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІҢ ЖҰМСАЛУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында марқұмның күйеуі Әділет Зейнелге берілген 20 миллион теңгенің қалай жұмсалғаны туралы сұрақ қойылды. Ол қайғылы оқиғадан кейін әкімдіктен алған қаражаттың қандай мақсаттарға жұмсалғанын сотта түсіндірді.

Әділет Зейнелдің айтуынша, Ұлдананы жерлеген күні оларды әкімдікке шақырған. Оның сөзінше, кездесуге Астана қаласының әкімі, оның орынбасары және мәслихат депутаты қатысқан. Сол жерде отбасына 20 миллион теңге қолма-қол берілген.

«Ұлдананы жерлеген күні бізді әкімдікке шақырды. Онда Астана әкімі, орынбасары және мәслихат депутаты болды. Сол кезде 20 миллион теңге қолма-қол ақша берді. Ол жерге біз Ұлдананың сіңлісі екеуміз бардық. Жерлеу рәсіміне қанша ақша жұмсалғаны есімде жоқ», – деді ол сотта.

Әділет Зейнелдің айтуынша, ол сол уақытта қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінде болған. Кейін марқұмның анасының өтініші бойынша бұл мәртебеден бас тартқысы келгенін айтты.

«Мен келістім. Себебі мен басқа отбасын құрып, үйлендім», – деді ол.

Сотта 20 миллион теңгенің кейін қалай жұмсалғаны да нақтыланды. Әділет Зейнелдің сөзінше, қаражаттың бір бөлігі көлік несиесін жабуға жұмсалған. Ол ақшаны алғаннан кейін үш күн ішінде несиесін өтеген.

Оның айтуынша, көлікке байланысты 9 миллион теңге несиеге төленген. Бұдан бөлек, 4,5 миллион теңге ата-анасына қайтарылған. Қалған қаражат түрлі тұрмыстық және басқа да шығындарға жұмсалған.

«20 миллион теңге алдық, үш күн ішінде көліктің несиесін жаптым. Әкімдікке барғанымызды Ұлдананың туыстары білді. Банкте оның несиесін бірден айтпады. Айына 210 мың төлеп тұрған екен. 9 миллион теңге несиеге, 4,5 миллион теңгені ата-анасына қайтардық. Қалған қаражат ұсақ-түйек шығындарға жұмсалды. Құран оқытып, қой сойдық», – деді Әділет Зейнел.

Сотта тараптардың сұрақтарына жауап берген марқұмның күйеуі осылайша әкімдіктен берілген 20 миллион теңгенің жұмсалуына қатысты түсініктеме берді.

Іс бойынша сот отырыстары жалғасып жатыр. Сот үкімі шыққанға дейін тараптардың айтқан уәждері сотта қаралып жатқан нұсқалар екенін және әрбір адамның кінәсі заңды күшіне енген сот шешімімен ғана анықталатынын атап өткен жөн.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close