ХИДЖАБ ДАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ЖАЗБА ЖАРИЯЛАҒАН МҰҒАЛІМ ЖҰМЫСТАН ШЫҚТЫ
Қарағанды облысында Қазақстан экономикасының құлдырауын тілеген жазба жариялаған мұғалім Жарқын Әбдікәрімов жұмыстан шықты.

Жанжал Оқу-ағарту министрлігінің мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамаған жекеменшік білім беру ұйымдарының лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін мәлімдеуінен кейін басталған. Әсіресе оқушы қыздарға хиджаб киюге рұқсат беру мәселесі қоғам талқысына түсті.
Осыдан кейін Жарқын Әбдікәрімов Threads әлеуметтік желісінде елге қатысты даулы жазба жариялаған. Кейін ол жазбасын өшіріп, эмоцияға беріліп кеткенін айтып, қазақстандықтардан кешірім сұрады. Педагог өзін елін жақсы көретін патриот ретінде сипаттаған.
Даулы жазбаға байланысты Қарағанды облысының полиция департаменті тексеру жүргізген.
Ал Қарағанды облысының білім басқармасы 2026 жылғы 10 қыркүйектен бастап педагогпен еңбек шарты тоқтатылғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, Әбдікәрімов өз еркімен жұмыстан кеткен.



