ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ НҰРАЛХАН КӨШЕРОВТІ ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы есеп тыңдады.

Кездесу барысында облыста атқарылып жатқан жұмыстар, инвестициялық жобалар және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бастамалар талқыланды.
Аймақ басшысы соңғы кезеңде Түркістан облысында экономикалық өсім 113,9 пайызды құрағанын баяндады. Сонымен қатар мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 1 триллион теңгеге артқан. 2025 жылы өңірге 1,7 триллион теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде 1,4 триллион теңгесі жеке инвестиция болса, тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 миллиард долларға жеткен.
Өткен жылы облыста жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Қазіргі таңда өңірде 21 индустриалдық аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 315 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласының дамуына да тоқталды. Облыста мақта-тоқыма, жүгері және ет өндірісі кластерлері қалыптасып келеді. Бұл жобалар толық іске қосылған жағдайда 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі қосымша 479,5 миллиард теңгеге артады деп жоспарланып отыр.
Әлеуметтік салада да бірқатар оң өзгерістер бар. Соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарған. Еңбекпен қамту шараларына 148 мың адам тартылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар халықтың тұрмыс сапасын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.



