АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖАНАРМАЙ ҚҰЮ БЕКЕТІНЕ ЖАСАЛҒАН ҚАРАҚШЫЛЫҚ ІЗІН СУЫТПАЙ АШЫЛДЫ
Алматы облысында полиция қызметкерлері жанармай құю бекетіне жасалған қарақшылық шабуылды жедел ашып, күдіктілерді ұстады.

Полицияның мәліметінше, қылмыс туралы хабарлама түскеннен кейін Жедел басқару орталығының қызметкерлері іске бірден кіріскен. Зияткерлік бейнебақылау жүйесінің көмегімен күдіктілердің жүріп өткен бағыты анықталып, олардың жеке басы қысқа уақыт ішінде белгілі болған.
Жедел басқару орталығы операторлары мен полицияның жедел бөлімшелерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде қарақшылық шабуылға қатысы бар екі күдікті анықталып, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұсталды. Қазіргі таңда олар уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Аталған дерек бойынша қарақшылық фактісімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерін жалғастыруда.
Полицияның атап өтуінше, заманауи бейнебақылау жүйелері мен Жедел басқару орталығының мүмкіндіктері қылмыстарды жедел ашуда маңызды рөл атқарады. Мұндай технологиялар күдіктілердің қозғалысын жылдам анықтауға, полиция күштерінің жұмысын үйлестіруге және қылмыскерлерді қысқа мерзімде ұстауға мүмкіндік береді.



