Қоғам

ТҮЙІТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАУЫП ЖАТЫР

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің “Бекзат” секторында тұрғындармен өткен кездесуі барысында өз ризашылығын білдіргендер де, көкейлеріндегі ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтқандар да, кей мәселелерге қатысты шағымын жеткізгендер де болды.

Азаматтардың талап-тілегін тыңдаған шаһар басшысы өтініштердің бірде-бірі назардан тыс қалмайтынын баса айтты. Әкімнің екі жыл бұрын бұл аумақта өткізген алғашқы кездесуімен салыстырғанда өтініштердің са­ны да азайып, азаматтардың арыз­дарында көтерілетін мәсе­ле­лердің сипаты да өзгерген. Бүгінгі басқосуда тұрғындар емханада дәрігер мамандардың тапшылығын тілге тиек етті. “Бекзат” секторынан “Отырар” шағын ауданына қоғамдық көлік бағытын ашуды, №3, №31А қоғамдық көлік бағыттарын қайта іске қосуды сұрады. Ғ.Мұстафин мен М.Жұмабаев көшелеріндегі электр желісі мен ауыз су жүйесінің құбырларын жаңарту мәселесі көтеріліп, Қойшыбаев көшесінде мешіттің жанындағы ойын алаңшасына демалатын орын жасақтау ұсынылды.

Сонымен қатар, кәріз жүйесін жүргізу, қосымша аялдамалар, балалар ойын алаңшасын орнату, жолға асфальт төсеу жайы қозғалды.

Нұрбол Әбдісаттарұлы биыл сектор аумағында кәріз жүйесінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын, жолдарға асфальт осы жоба аяқталып, бір жыл табиғи тапталу кезеңінен өткеннен соң ғана төселетінін айтып өтті. Әзірге жолдарға тек тас төселетіні түсіндірілді. Қала әкімі жауапты мамандарға барлық өтініштер бойынша тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізуді, заңдылығын саралап, мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды.

Бірлік секторының тұрғындары жобадан тыс қалған үйлерді газдандыру, көшелерді көгалдандыру, су ұңғымасын қазу және екі көше аралығын қосатын жол өткелін салу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Нұрбол Әбдісаттарұлы қала аумағындағы жаңа құрылыстарға және жобадан тыс қалған үйлерге газ құбырын тартуға бюджеттік өтінім ұсынылғанын айтты. Кездесу барысында көтерілген мәселелердің алдымен заңдылығы сараланып, кейін шешім қабылданатынын да жеткізді.

Ұсыныстар бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, орындалуын бақылауға қойды.

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің тұрғындармен кезекті кездесуінен соң арнайы мәжіліс өтіп, барлық өтініштер сараланды. Нақтыланған 119 тапсырманың орындалу мерзімі белгіленіп жоспар түзілді.

Жиналыс барысында шаһар басшысы сектор жетекшілеріне ескерту жасады:

— Әр мәжілісте «Қандай мәселе бар?» деп сұраймын. Үнсіз кетесіздер. Көпшіліктің талап-тілектері орынды. Алайда, айтылған мәселелердің барлығын бүгінге дейін мен сіздерден естуім керек болатын. Секторды құрудағы негізгі мақсатымыз да осы еді — халықпен байланысты нығайту, толғандырған түйткілдерді дер кезінде назарға алып, жұмысты жүйелі түрде атқару, — деді Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде.

Қазіргі таңда тапсырмалар бойынша жұмыс басталып кетті. Бөлімдер алғашқы есебін ұсынып үлгерді.

Бірлік секторындағы саябақтың электр жарығы іске қосылды, Т.Әубәкіров көшесіндегі стрит-воркауттың құрылғылары толық орнатылып, жұмысы аяқталды. Н.Төреқұлов көшесінің бойындағы қоқыстар алынды, Бекзат секторында кәріз жүйелері өткен көшелердің жолдары тегістеліп, қалпына келтірілді. Ә.Жангелдин көшесінің тұйық жолдарына тас төселді. Тұрғындар өтініші негізінде Сабырханов, Мұса Жәлел, Майкотов көшелеріне жол белгілері орнатылып бастады. Жаяу жүргінші өткелдері сызылуда. Майкотов көшесіне аялдама орнату жұмысы басталды.

Естай көшесі бойындағы шұңқыр бекітіліп тегістелді. Абылайхан көшесінің бойындағы аллеяның айналасы, Асфендияров көшесінің бойы ретке келтіріліп, шөптері шабылды. Отырар шағын ауданында көпқабатты үй тұрғындардың сұранысына сәйкес, залалсыздандыру (дезинфекция) жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі тапсырмалардың орындалуы кері байланыс арқылы тексеріліп, содан кейін ғана бақылаудан алынатынын атап өтті.

Одан бөлек, Нұрбол Тұрашбеков “Яссы” секторындағы О.Тілепов көшесінің тұрғындарымен кездесіп, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

— Мақсатым — атқарылған жұмыстар бойынша пікірлеріңізді тыңдау, кемшіліктер болса — өздеріңізден есіту. Біз таяу уақытта келесі жылдың жоспарын нақтылаймыз. Мәселелердің барлығын саралап, өзектілігіне сәйкес кезектілігін бекітуіміз керек. Айтылған барлық өтініштеріңіз назардан тыс қалмайды, тек қаржылық мүмкіндіктерге қарай мерзімі ұзауы ықтимал, — деді қала басшысы өз сөзінде.

Тұрғындар шаһар басшысына мұның алдында көтерілген түйткілдердің түйіні тарқатылып келетінін айтып, алғыстарын жеткізді. Бүгінгі кездесуде көтерілген мәселелер — ескірген бағаналарды алу, бос жатқан алаңқайға балалар алаңшасын салу, жолдарға асфальт төсеу және жол белгілерін орнату жайы айтылды. Тұйық көшелерге жарықшам орнату қажеттілігі де қозғалды.

Сондай-ақ Нұрбол Тұрашбеков С.Қожанов көшесінде тұрғындармен кездесіп, ауланы абаттандыру жұмысына қатысты пікірлерін сұрады. Қала басшысымен өткен кездесулердің бірінде көпқабатты үй ауласына асфальт төсеу жөнінде өтініш түскен болатын. Мәселені зерделей келе аулаға балалар алаңшасын және демалатын орындар орнату келісіліп, тиісті жұмыстар атқарылды.

Нұрбол Әбдісаттарұлы аяқталған істің басына барып, мердігер тарапынан міндеттемелерінің орындалуын саралады:

— Шағымдарыңыз бен қосымша ұсыныстарыңыз болса, айтыңыздар. Мердігерді де, жауапты мамандарды да арнайы шақырттым, кемшіліктер болса қалпына келтіреді, басқа мәселелер туындаса, олардың да заң аясында шешілуіне жұмыс жасаймыз, — деді шаһар басшысы өз сөзінде. Тұрғындар өз кезегінде абаттандыру кезінде уақытпен санаспай жұмыс істеген жұмысшыларға ризашылықтарын жеткізді. Аулада атқарылған әр іске көңілдері толатынын да айтты.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close