ҚАМЧЫБЕК ТАШИЕВТІҢ ЖАЗАСЫ ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ
Қырғызстанда атышулы «75 ісі» бойынша сот үкімі апелляциялық тәртіппен қайта қаралды. Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамчыбек Ташиев пен өзге де айыпталушыларға тағылған билікті күшпен басып алуға дайындалу туралы айып қайта сараланды.

10 қыркүйекте өткен сот отырысында айыпталушылар сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтірді деген бап бойынша кінәлі деп танылды. Оларға екі жыл пробация жазасы тағайындалды. Бұған дейін прокуратура тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Іс бойынша Қамчыбек Ташиевпен бірге бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев, парламенттің экс-спикері Нурланбек Тургунбек уулу және тағы бірнеше адам сотталды.
«75 ісі» 75 саясаткер мен қоғам қайраткерінің Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы үндеуінен кейін қозғалған. Осыдан кейін Қамчыбек Ташиев қызметінен босатылып, оған қатысты қылмыстық іс басталған.
Бірінші сатыдағы сот шілде айында Ташиевті билікті күшпен басып алуға дайындалды деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырған. Кейін бұл жаза пробацияға ауыстырылған еді.



