ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫ ЖҰМЫС РЕГЛАМЕНТІН БЕКІТТІ
Астанада Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Құрылтай отырысында депутаттар Қазақстан Республикасы Құрылтайының Регламентін қабылдады. Құжатты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Снежанна Имашева таныстырды.

Регламентке сәйкес, заң жобалары үш оқылымда қаралады. Ал халықаралық шарттарды ратификациялау немесе денонсациялау туралы заң жобалары екі оқылыммен қабылданады.
Бірінші оқылымда заң жобасының негізгі мақсаты, міндеттері мен ықтимал салдары талқыланады. Екінші оқылымда енгізілген түзетулер қаралады. Үшінші оқылымда заң жобасын Конституция мен қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге қатысты түзетулер ғана қаралып, заң шығару рәсімі аяқталады.
Құжатта депутаттар, комитеттер мен фракциялардың заң жобаларына түзету енгізу құқығы да бекітілген. Сонымен қатар Құрылтайдың Конституциялық Сотпен, Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимыл тәртібі айқындалған.
Регламентте көпшілік пен оппозицияның мәртебесі де белгіленді. Оппозиция әр сессияда кемінде бір рет тыңдау өткізуге бастамашылық жасап, кемінде екі рет Үкімет сағатының күн тәртібін айқындауға құқылы. Сондай-ақ тұрақты комитеттер басшылығында оппозиция өкілдерінің болуы көзделген.
Құжатта депутаттардың құқықтарымен бірге жауапкершілігі де қарастырылған. Отырысқа дәлелді себепсіз жүйелі түрде қатыспау, өз дауысын басқа депутатқа беру және депутаттық әдеп талаптарын бұзу жағдайларына қатысты шаралар белгіленген.
Отырыс соңында депутаттар әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 10 депутаттық сауал жолдады.



