ӘDILET ПАРТИЯСЫ ҚОЛӨНЕРШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІН ЗАҢМЕН БЕКІТУДІ ҰСЫНДЫ
«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар Түркістан облысының қолөнершілері мен туризм саласының өкілдерімен кездесті. Жиын барысында креативті экономиканы дамыту, ұлттық қолөнерді қолдау және ішкі туризмді ілгерілету мәселелері талқыланды.

Кездесу жергілікті халық шеберлері еңбек ететін Қолөнершілер орталығында өтті. Басқосу барысында қатысушылар дәстүрлі өнерді дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салып, саладағы өзекті мәселелерді көтерді.
Шара аясында ұлттық киімдер, кесте және тоқыма бұйымдары, зергерлік әшекейлер, сондай-ақ дәстүрлі әдіспен жасалған ағаш пен былғарыдан дайындалған бірегей қолөнер туындылары таныстырылды.
Партия өкілдері ұлттық мұраны сақтау мен қолөнершілердің еңбегін бағалау маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты қолөнершілердің құқықтық мәртебесін заңнамалық деңгейде бекіту, олардың кәсіби қызметін қолдау және шығармашылық индустрияларды дамыту ұсынылды.
Кездесу барысында қолөнер саласының өкілдері мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, өнімдерді нарыққа шығару, шеберлердің кәсіби дамуына жағдай жасау және туризммен байланысты жобаларды көбейту жөніндегі пікірлерін білдірді.
«Әділет» партиясының өкілдері халықпен ашық диалог барысында айтылған ұсыныстар алдағы жұмыс бағыттарын айқындауда маңызды екенін атап өтті. Олар ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен шығармашылық экономиканы дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға ниетті екенін жеткізді.






