Без рубрики

ӘDILET ПАРТИЯСЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ КЕЗДЕСУЛЕРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН БАСТАЛДЫ

«Әділет» партиясы Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын Түркістан облысынан бастады. Партия төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар өңір тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстыруға кірісті.

Алғашқы жұмыс сапары аясында партия өкілдері қоғамның әртүрлі саласының өкілдерімен жүздесті. Атап айтқанда, педагогтермен, медицина қызметкерлерімен, қолөнершілермен, зиялы қауым өкілдерімен, қоғамдық белсенділермен, туризм және спорт саласының мамандарымен, шаруалармен және өңір тұрғындарымен ашық пікір алмасу ұйымдастырылды.

Кездесу барысында тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер көтеріліп, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті қолдау, туризмді дамыту, әлеуметтік қорғау және өңірлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы ұсыныстар тыңдалды. Партия өкілдері әрбір айтылған ұсыныс пен мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай Түркістан облысының еліміз үшін тарихи әрі стратегиялық маңызы зор өңір екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықпен тікелей кездесулер партия бағдарламасын тұрғындардың нақты сұранысына сай жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Түркістан облысы тұрғындарының әрбір мәселесі біздің бақылауымызда болады. Біз әр азаматтың пікіріне құлақ асып, халықтың нақты қажеттілігіне негізделген шешімдер қабылдауға басымдық береміз. Елдің болашағы – өңірлердің дамуымен тығыз байланысты», – деді Айбек Дәдебай.

Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер сайлауалды науқан аясында еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасады. Оның негізгі мақсаты – халықпен ашық диалог орнатып, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін жинақтау және оларды алдағы заң шығару қызметінде ескеру.

Түркістан облысынан басталған сайлауалды кездесулер «Әділет» партиясының халықпен етене жұмыс істеуге және өңірлердегі өзекті мәселелерді жан-жақты зерделеуге бағытталған ұстанымын айқындай түсті. Партия өкілдері тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарды назарға алатынын мәлімдеді.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close