ЕУРООДАҚ РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ 21-САНКЦИЯЛАР ПАКЕТІН ҚАБЫЛДАДЫ
Еуропалық одақ Ресейге қарсы 21-санкциялар пакетін қабылдап, қаржы секторы, мұнай экспорты, «көлеңкелі флот» және әскери-өнеркәсіп кешеніне қатысты шектеулерді күшейтті.

Жаңа санкциялар аясында тағы 33 ресейлік банкпен кез келген қаржылық операция жүргізуге тыйым салынды. Сонымен қатар бұл банктер халықаралық SWIFT төлем жүйесінен ажыратылады. Бұдан бөлек, 94 ресейлік банк активтері бұғатталатын санкциялық тізімге енгізілді. Осылайша Еуроодақтың шектеулері Ресейдің банк секторының шамамен жартысын қамтып отыр.
Санкциялар Ресейдің «көлеңкелі флоты» деп аталатын мұнай тасымалдайтын кемелеріне де қатысты кеңейтілді. Қара тізімге тағы 41 кеме, сондай-ақ осы флоттың қызметіне қатысы бар сегіз ұйым мен бір жеке тұлға енгізілді.
Жалпы 21-санкциялар пакеті аясында санкциялық тізім 218 жеке және заңды тұлғамен толықты.
Сондай-ақ Еуроодақ кеңесі Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешеніне қолдау көрсетті деп танылған 51 ұйымға қатаң экспорттық шектеулер енгізді. ЕО мәліметінше, бұл ұйымдардың бір бөлігі Қытайда (оның ішінде Гонконгта), Үндістанда, Қазақстанда, Қырғызстанда, Түркияда және Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан.
Брюссельдің мәлімдеуінше, аталған ұйымдар Ресейдің қолданыстағы экспорттық шектеулерді айналып өтуіне ықпал еткен. Әңгіме микроэлектроника, сандық бағдарламамен басқарылатын станоктар және жартылай өткізгіштер өндірісіне арналған жабдықтарды жеткізуге қатысты болып отыр.



