МИРЗИЕЕВТІҢ ҚЫЗЫ ТАШКЕНТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫН БАСҚАРАДЫ
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің үлкен қызы Саида Мирзиеева Ташкент халықаралық қаржы орталығының басқарушысы болып тағайындалды. Ол бұл қызметпен қатар 2025 жылдан бері атқарып келе жатқан Президент әкімшілігінің басшысы қызметін де сақтайды.

Жаңа лауазымында Мирзиеева қаржы орталығын іске қосу жұмыстарын үйлестіріп, қажетті құжаттарды әзірлеуге және мемлекеттік органдар мен орталық құрылымдарының өзара жұмысын ұйымдастыруға жауап береді. Сондай-ақ халықаралық ұйымдармен, инвесторлармен және шетелдік серіктестермен келіссөздерде орталықтың атынан өкілдік етеді.
Бұған дейін Өзбекстанда Президент әкімшілігі басшысының өкілеттігі кеңейтілген. Саида Мирзиеева Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметін де атқарады. Қауіпсіздік кеңесін оның әкесі Шавкат Мирзиеев басқарады.
Ташкент халықаралық қаржы орталығы туралы заңға президент шілде айында қол қойған. Орталықта арнайы құқықтық және валюталық режим енгізіліп, жеке қаржы реттеушісі мен тәуелсіз коммерциялық сот құру жоспарланған.
Орталық қатысушыларына 2076 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беру көзделген. Жаңа қаржы орталығының моделі Қазақстандағы «Астана» халықаралық қаржы орталығына ұқсас болмақ.



