Без рубрики

ДЕПУТАТ ҚЫТАЙЛЫҚ ИНВЕСТОРДЫ ЗОРЛАҒАН БА?

Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевтың есімі тағы да даулы оқиғамен байланысты аталып отыр. Бұл жолы халық қалаулысына қатысты шетелдік инвесторды зорлады деген күдікпен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 1992 жылы туған Қытай Халық Республикасының азаматшасы құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Оның айтуынша, оқиға биылғы 26 шілдеде болған.

Белгілі болғандай, сол күні депутат Қытайдан келген төрт инвесторға Байжансайдағы мырыш-қорғасын кенішін таныстырған. Жұмыс сапары аяқталған соң қонақтарға дастарқан жайылып, бейресми кездесу өткен. Кездесу барысында спирттік ішімдік ішілгені де айтылып отыр.

Жәбірленушінің арызына сәйкес, кейін Ерғали Аманбаев қытайлық азаматшаны өзінің Lexus автокөлігіне отырғызып, оның еркінен тыс жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген. Осы дерек бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс тіркеп, тергеу амалдарын бастап кеткен.

Бұл Ерғали Аманбаевтың аты қоғам назарын аударып отырған алғашқы жағдай емес. Өткен жылы ол көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін орнатқаны және қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін де жұртшылықтың қызу талқысына түскен болатын.

Егер арызда көрсетілген жайттар расталса, бұл оқиға жеке адамның ғана емес, Қазақстанның инвестициялық имиджіне де әсер етуі мүмкін. Өйткені сөз елімізге инвестициялық мақсатпен келген шетел азаматына қатысты ауыр қылмыс күдігі туралы болып отыр.

Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Құқық қорғау органдары ресми қорытынды жариялаған жоқ. Қазақстан заңнамасына сәйкес, адамның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана дәлелденеді.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close